«Жолда қабылдау» акциясы аяқталды
3-4 қазан күндері ел аумағында ұйымдастырылған «Жолда қабылдау» акциясы аймағымызда да өтті. Байғанин аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Ақтөбе–Астрахань» республикалық автожолында жүргізушілер және жаяу жүргіншілермен кездесті. Тәртіп сақшылары жолдағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, азаматтардың көкейкесті сұрақтарына жауап берді. Акцияға аудандық аурухана мен Қарауылкелді селолық округі әкімдігі қызметкерлері де атсалысты. №3 Қарауылкелді орта мектебінің жас жол сақшылары да белсенділік танытты. Олар жол қозғалысына қатысушыларға жолда жүру мәдениеті мен қауіпсіздік шаралары жазылған арнайы парақшалар таратты. Полицейлердің айтуынша, мұндай акциялар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға елеулі әсер етеді. Әрбір жүргізуші мен жаяу жүргіншінің басты міндеті – жолда абай болу және ережені қатаң сақтау. Жолдағы қауіпсіздік тек полицияның емес, әр азаматтың саналы әрекетіне байланысты. Өйткені жол үстіндегі бір сәттік немқұрайлылық үлкен қайғыға әкелуі мүмкін. Сондықтан мамандар барша тұрғындарды тәртіпке, жауапкершілікке және өз өмірін қадірлеуге шақырады.Количество показов: 31
Дата создания: 07.10.2025 10:51:56