Жазғы демалысты пайдалы өткізудің жарқын үлгісі
"Таза Қазақстан" жалпыұлттық экоакция аясында Хиуаз Доспанова атындағы №14 орта мектептің ауласындағы бақшада балалар еңбек етіп, табиғатқа жанашырлық танытып жүр. Бүгін "Еңбек" лагерінің оқушылары арамшөптерді жұлып, бақшаға күтім жасап, өнімдерді жинауға атсалысты. Түрлі жемістер. Түрлі көкөністер. Жаздың жайма шуақ күнінде Хиуаз Доспанова атындағы №14 орта мектептің ауласы ерекше тіршілікке толы. Мұнда жайқалған көкөністер мен жемістер балалардың еңбегі мен табиғатқа деген жанашырлығының жарқын көрінісіне айналған. 2023 жылы негізі қаланған мектеп бақшасында қияр, қызанақ, сәбіз, құлпынай, қарбыз, қауын секілді түрлі өнімдер өсіріледі. Бүгін "Еңбек" лагерінің оқушылары бақшадағы арамшөптерді жұлып, жерді қопсытып, баптау жұмыстарын жүргізді. 4-5-сынып оқушылары мұндай еңбек арқылы табиғатты аялауды, жердің қадірін білуді үйреніп келеді. Олардың айтуынша, бақшадағы жұмыс еңбектің қадірін түсінуге, жер ананы қадірлеуге баулиды. Мектеп ауласына кірген сәттен-ақ алма мен алмұрт ағаштары, көздің жауын алатын гүлзарлар ерекше әсер қалдырады. Осындай көркем ортаның қалыптасуына мектеп ұжымы, ұстаздар мен оқушылар бірлесіп үлес қосып келеді. Бала кезінен бүлдіршіндер де еңбекке баулып, бақшаның жайқалуына үлес қосып жүр. Мұнда әр түп көшет - төгілген маңдай тердің, ал әрбір өнім - еңбектің жемісі. Бүгін балалар піскен өнімдерді себеттеріне салып жинады. Алайда бұл еңбектің басты мақсаты - тек өнім өсіру емес. Жиналған жеміс-көкөністер аз қамтылған және мұқтаж отбасыларға таратылып, қайырымдылық шарасы ұйымдастырылады. "Осылайша еңбек пен мейірім қатар өріліп, оқушылардың бойында жанашырлық пен қамқорлық қасиеттері қалыптасады", - дейді мектеп басшысы. Мектеп ұжымының айтуынша, бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын тауып, бақша аумағы кеңейіп, игі іс өз жалғасын табады. Өйткені табиғатқа қамқорлық жасау мен адамдарға қол ұшын созу - өскелең ұрпаққа берілетін ең құнды тәрбиенің бірі екенін жеткізді мектеп өкілдері.Количество показов: 17
Дата создания: 14.07.2026 06:12:07



















