Жазғы демалыста балалар қауіпсіздігі басты назарда
Жазғы демалыс қанша қызыққа толы болғанымен, қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмауы тиіс. Осыған орай бүгін қаламыздағы №51 гимназия жанынан құрылған жазғы лагерьде оқушыларға өрт қауіпсіздігі мен судағы сақтық шаралары түсіндірілді. "Қауіпсіз жаз: Заң мен тәртіп" акциясы аясында өткен шараға төтенше жағдайлар қызметінің мамандары қатысты.Балалардың шат күлкісі, қызықты ойындар мен көтеріңкі көңіл-күй. №51 гимназия жанындағы жазғы лагерьде екінші ауысым өз жұмысын жалғастыруда. Бүгінде мұнда 80 оқушы демалуда. Лагерь бағдарламасы тек ойын-сауықпен шектелмейді. Балалардың қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінген. Осы мақсатта "Қауіпсіз жаз: Заң және тәртіп" акциясы ұйымдастырылып, оқушыларға маңызды ақпараттар берілді.Шараға облыстық өрт сөндіру қызметі мен төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің мамандары қатысып, өрттің алдын алу жолдары мен суға шомылу кезінде сақталуы тиіс ережелерді түсіндірді. Жаз мезгілінде балалардың көбі уақытын су айдындары маңында өткізеді. Сондықтан қауіпсіздік ережелерін білу ғана емес, оны күнделікті өмірде қолдана білу де маңызды. Мамандар балалардың сұрақтарына жауап беріп, төтенше жағдай кезінде әрекет ету тәсілдерін көрсетті.Мұндай кездесулер өскелең ұрпақтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жазғы лагерьдегі танымдық және профилактикалық шаралар алдағы уақытта да жалғасады.
Количество показов: 14
Дата создания: 17.06.2026 07:24:23



















