Жасөспірім өліміне қатысты қылмыстық істің нүктесі қойылды
18 жастағы жасөспірімнің өлімімен аяқталған жаппай төбелестің бүгін нүктесі қойылды. Ақтөбе соты 10 адамды 11-22 жыл аралығында бас бостандығынан айырды. 77 томнан тұратын қылмыстық іс төрт ай қаралды. Адам өлтіру, қорқытып алу және бұзақылық бойынша айыптар тағылды. 20 мен 25 жас аралығындағы сотталушылардың арасында бұрын істі болғаны бар. Тергеу барысында үй қамақта болған сотталушының бірі сот залында қамауға алынды. 10 адам да кінәларын мойындамады. Олар жазаларын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Алтауы 15 жыл 6 ай, екеуі 20 жылға, біреуі 11 жылға, енді бірі 22 жылға бас бостандығынан айрылды. Темір торға тоғылғандардың дені қылмыстық кодекстің 194 және 99 баптары бойынша сотталды. Қолына сот залында кісен салынған сотталушының көзінен өкініш байқамадық. Миығынан күліп, көңілді тұрды. Тек аналары шырылдап, жылап жатты. Ата-аналары мен жақындары сот шешімімен келіспеді. Апелляциялық шағым түсіретінін айтты. Оған қоса, жәбірленушінің сотталушылардан 50 миллион теңге өндіру туралы азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды. Моральдық зиян мен мүліктік шығын кіреді. Естеріңізге салайық, қайғылы оқиға былтыр мамырда Мал базарының маңында болды. Екі жасөспірімдер тобы арасында төбелес шығып, соңында суық және атыс қаруларын қолданған. Нәтижесінде 18 жастағы бала мерт болды. Жасөспірім Ақтөбе политехникалық колледжінің үшінші курс студенті. Қаскөйлер алдымен жасөспірімді көлікпен қағып, кейін бірнеше рет өмірлік маңызы бар жерлерінен пышақ сұққан. Сегіз адам түрлі жарақат алды.Количество показов: 19
Дата создания: 02.07.2025 06:43:38