Жас ғалымдар Ақтөбеде бас қосты
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған болашақ дәрігерлер мен жас зерттеушілер бүгін шаһарда бас қосты. А.Досжанова атындағы конференц холлда "Ғылым: кеше, бүгін, ертең" атты ғылыми шара ұйымдастырылып, медицина ғылымдарының докторы Марат Ізтілеуовтің 80 жылдық мерейтойы атап өтілді. Медицина саласының өзекті мәселелері қозғалып, мамандар тарапынан дәрістер оқылды. Сонымен қатар қатысушылар, өз ғылыми жобаларын ұсынып, зерттеу жұмыстарымен таныстырды. Астана медициналық университетінің 4-курс студентінің айтуынша, қазіргі таңда жастар арасында сколиоз ауруы жиі таралған. Жас зерттеуші жарты жыл көлемінде осы тақырып аясында ізденіп, талдау жасап, профилактикалық шаралар мен алдын алу жолдары туралы талдайтынын айтты. Ғылыми конференцияда педиатрия факультетінің 2-курс студенті Дильназ Байрова да өз жобасын таныстырды. Ол нейтрофилдердің морфометриялық талдауын автоматтандыратын қосымша әзірлеп, лейкоцитарлық формуланы санау процесін жеңілдетуді мақсат еткен. Жас зерттеушінің айтуынша, бұл жүйе талдауды бірнеше секундта орындауға мүмкіндік береді. Бүгінге дейін аталған жоба Ақтөбе Хаб пен Астана Хабта апробациядан өтіп, жүлделі орындарға ие болған. Халықаралық конференция биыл мерейтойлық форматта 65-ші рет өткізіліп отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл конференция жас зерттеушілердің тәжірибе алмасуына және ғылыми әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді. Шара аясында жыл сайын дәстүрге айналған ғылым апталығы ұйымдастырылып, оның шеңберінде ғылыми жәрмеңке, студенттерге арналған дәрістер мен шеберлік сабақтары өткізілді.Количество показов: 11
Дата создания: 10.04.2026 06:04:57



















