Жағы сынған жасөспірімнің анасы әділдік іздеп жүр
Жасөспірімдердің арасында төбелес салдарынан 14 жасар оқушының жақ сүйегі сынып, оған ота жасалған. Оқиға Хромтау қаласындағы саябақ маңында болған. Бұл туралы жасөспірімнің анасы баяндап берді. Айтуынша, балалар топ болып жиналып, бір оқушыны соққыға жыққан. Салдарынан ол ауыр жарақат алып, ұзақ уақыт ем қабылдауға мәжбүр болған. Жарақат алған жасөспірім ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оның жақ сүйегінің екі жерден сынғанын анықтаған. Оған ота жасалып, металл конструкция орнатылған. Алайда оқиғаға қатысты қылмыстық іс бірнеше рет жабылып, бұл жағдай ата-ананың наразылығын тудырып отыр. Айсұлу Мысина әділ тергеу жүргізіліп, кінәлілердің жауапқа тартылғанын талап етеді. Бұл іске қатысты облыстық полиция департаменті түсініктеме берді. Олардың мәлімдеуінше, 14–15 жастағы кәмелетке толмағандар арасындағы жанжал фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, тексеру барысында оқиғаға қатысушылардың қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жасқа толмағаны анықталған. Осыған байланысты қылмыстық іс қылмыстық-процестік заңнама талаптарына сәйкес тоқтатылыпты. Сонымен қатар, барлық қатысушыларға құқықтық баға берілген. Кәмелетке толмағандар профилактикалық есепке алынып, олардың заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды дейді олар.Количество показов: 16
Дата создания: 07.04.2026 05:19:46



















