Жұмыссыздарға 300 бос орын ұсынылды
КА-168/2 түзету мекемесіне көптен бері дәрігерлер тұрақтамай жатыр. Терапевт, дерматолог, фтизиатр, фельдшер, инфекционист, зертханашы секілді 9 медицина маманының орны бос тұр. Түрмедегі жұмыс болған соң, келісе бермейді. Әрі қызметке алынған дәрігер міндетті аттестациядан өтеді, дейді мекеме өкілдері. Ал, қарттар үйінде психиатр мен невропатолог, бағбан, сантехника маманы мен электрикке сұраныс бар. Олимпиада ізбасарларын даярлау орталығына конькимен жүгіру спортының жаттықтырушысы, көркем гимнастикадан жетекші қажет. Балабақшаларға тәрбиеші, тәрбиешінің көмекшісі керек. Қалалық жұмыспен қамту орталығы жазғы каникул кезінде студенттер мен оқушыларды қаланы көгалдандыру және абаттандыру жұмысына тартпақшы. Көшедегі ағаштар мен гүлдердің күтіміне жаз бойы 400-ден астам қыз-жігіт жұмылдырылады. Жұмыс беруші мекеме өкілдері қайсыбір қызметке қызығушылық танытқан азаматтардың түйіндемелерін алып қалды. Қайта даярлау курсына жазылғандарға сол жерде жолдама берілді. Ал, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметкерлері тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп отырды. Қор маманы Нұргүл Айсұлтанның айтуынша, соңғы кезде жұмысшыларының зейнетақы жарнасын аударуды кешіктіріп жатқан компаниялар көбейіп кеткен. Бүгінгі жәрмеңкенің нәтижесі бір аптаның ішінде белгілі болады. Бұған дейінгі жеті жәрмеңкеде 397 адам жұмысқа орналасқан.
Количество показов: 1500
Дата создания: 24.05.2018 11:54:37