Зейнеткер коммуналдық қызметінің жұмысына наразы
Прохорова 45 көпқабатты тұрғын үйінің жертөлесі мен кіреберісі ылғал мен қолқаны алатын иіске тұнып қалған. Бұл тұрғын үйдің ескі болуында немесе жай ғана жаңбырдың толассыз жауып, суының көп мөлшерде жиналып қалуының салдарынан емес. Жергілікті тұрғындардың бірі Валентина әжейдің айтуынша, бұл - инженерлік құрылыстан кейін пайда болған мәселе. "Жасалған инженерлік жұмыстардың соңына дейін атқарылмауының кесірі", - дейді тұрғын. Былтыр шілде айында арнайы техника келіп, құдық пен үйдің арасындағы ескі құбырларды толықтай қазып, ауыстырған. Алайда жұмыс аяқталғаннан кейін аумақ бұрынғы қалпын келтірілмеген. "Жөндеу жұмыстарынан кейін бәрін ретке келтіреді деп ойладық. Бірақ плиталардың бәрін сындырып, үстін қалай болса солай көміп кеткен. Қазір мұнда жүрудің өзі қиын. Не істегендерін түсінбедік", - деп налиды ол. Соның салдарынан жер бірнеше рет опырылып, жаңбыр жауған сайын жағдай күрделене түскен. Айтуынша, алғашқы кезде мердігер мекеме ақауды түзетуге уәде беріп, кейін қайта келіп, шұңқырларға ірі қиыршық тас төсеп кеткен. Алайда атқарылған жұмыстың нәтижесі ұзаққа бармаған. Тұрғындардың алаңдаушылығы күн өткен сайын артып келеді. Себебі мәселе тек ауладағы шұңқырлармен ғана шектелмейді. Жауын суының әсері енді тұрғын үйдің ішіне дейін жетіп отыр. Әжей бірнеше рет жауапты мамандарға хабарласқан. Атап айтқанда, жылу желілеріне жауапты учаскелік қызметкердің біріне мәселені түсіндіріп, көмек сұраған. Алайда нақты нәтиже болмаған.Тұрғындар жауапты мекемелерден жағдайды жан-жақты тексеріп, ақауларды толықтай жоюды сұрағанын айтады. Жауапты мекемеге хабарласып, мәселенің мән-жайын, әрі қарай жұмыстың қалай өрбитінін білген едік. Олар арнайы топырақ әкеліп, жұмысты аяқтауға бүгін кірісіп кеткенін мәлімдеді.Количество показов: 16
Дата создания: 11.06.2026 08:35:09



















