Үздік тауарлар көрмеге қойылды
Облыс әкімдігі мен "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған шараға өңір басшысы, кәсіпкерлер, инвесторлар және қала тұрғындары қатысты. Көрме алаңында облыстың түкпір-түкпірінен келген кәсіп иелері өз өнімдерін жұрт назарына ұсынды. Атап айтқанда, қаламызда табиғи сүт өнімдерін шығаратын серіктестік бар. Нарықта жүргеніне көп болмаса да тәулігіне 1,5 тоннаға дейін сүтті қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Таза әрі табиғи өнімнен, заманауи технологиялармен өндіріледі. Сондай-ақ, бүгінгі жобаның "Үздік азық-түлік тауары" номинациясын жеңіп алған. Көрмемен қатар ұйымдастырылған «Бір ауыл - бір өнім» жобасы да ерекше қызығушылық тудырды. Биыл бұл байқауға қала және аудан тұрғындарынан 52 өтінім түскен. Ұсынылған жобалардың бірі - былғарыдан жасалған бұйымдар. Шалқар ауданынан келген кәсіпкер қамшы, былғарыдан ұлттық өнімдер мен кәдесыйлар жасайды. Шебердің айтуынша, 1 қамшыны өруге 2 тәулік кетеді. Сиыр терісін қолдан өңдеп, ат әбзелдерін, белдік пен әмиян жасайды. Бұл жобалар отандық өнімді ілгерілетуге және мықты ұлттық брендтерді қалыптастыруға жол ашады. «Ақтөбеде жасалған» деген белгідегі тауарларды елімізде ғана емес, шетелде де тану маңызды. Жыл сайын бәсекеге қабілетті, сенімді компаниялар қатары артып келеді. Биыл «Қазақстанның үздік тауары» атағына 30-ға жуық кәсіпорын бақ сынап, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс пен химия салалары бойынша өз өнімдерін ұсынды. Шара аясында кәсіпкерлер мен ұйымдар арасында бірқатар ынтымақтастық келісімдерге қол қойылды. Сонымен қатар, жеңімпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жеңімпаз атанған тоғыз кәсіпорын республикалық кезеңге жолдама алды. Олар жыл соңында өтетін байқауда аймақтың намысын қорғайды.Количество показов: 16
Дата создания: 12.07.2025 09:42:54