Үздік медбикелер марапатталды
Бүгін Ақтөбедегі 130 медбикеге құрмет көрсетілді. Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев еселі еңбегі үшін алты адамға алғыс хат табыс етті. Бірқатарына қала әкімінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының грамоталары табысталды. "Қызыл жарты ай" қоғамының басшылығы да бір топ медбикеге алғысын білдірді. Кәсіби мереке қарсаңында Денсаулық сақтау министрінен марапат алған жерлестеріміз бар. Ырғыз ауданындағы амбулаторлық бекеттің фельдшері Кенжебек Жәнібеков, №3 қалалық емхананың химизаторы Гүлнар Маканалина және медбикелік істі дамыту орталығы басшысының орынбасары Нұргүл Наурызбаева Астанадан "Денсаулық сақтау саласының үздігі" төсбелгісін тағып келді. Облыстық перинаталдық орталықтың акушері Ақбөпе Қабанбаева "Денсаулық сақтау саласының құрметті ардагері" медалімен марапатталды. Медбикелердің кәсіби дамуына зор көңіл бөлінеді. Бір жылдың ішінде 500-ден астам маман Астана, Алматы қалаларында, шет елдерде біліктіліктерін арттырып келген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы бұл тәжірибені жалғастырамыз деп отыр. Медбикелердің әлеуметтік жағдайы да назарда. Облыста 5 мыңнан астам медицина қызметкері пәтер кезегінде тұр.
Количество показов: 1617
Дата создания: 11.05.2018 18:49:22