Әйтеке би ауданындағы Тұмабұлақ ауылындағы 80 аула табиғи газбен қамтылды
Әйтеке би ауданындағы Тұмабұлақ ауылы көгілдір отынға қосылды. Бұған дейін табиғи газды асыға күткен елді мекендегі 80 аула енді толықтай газбен қамтылды. Жобаға 827 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, 53,6 шақырым газ құбыры тартылған.Әйтеке би ауданының Тұмабұлақ ауылының тұрғындары көптен күткен көгілдір отынға қол жеткізді. Бүгінде ауылда 450-ге жуық тұрғын тұрады. 1961 жылы негізі қаланған елді мекендегі 80 аула табиғи газбен толық қамтылған. Газдандыру жобасы Мемлекет басшысының ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру және елді мекендерді табиғи газбен қамту жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылды. Тұрғындар елеулі іске үлес қосқан, қолайлы жағдай жасаған жауаптыларға ризашылығын білдіріп, қуаныштарымен бөлісті. Жобаға тапсырыс беруші - облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы. Басқарма басшысының айтуынша, алдағы уақытта тағы 40 елді мекенді газбен қамтамасыз ету жоспарланған. Жоспар іске асқан жағдайда газдандыру деңгейі 99,6 пайызға жетеді, дейді жауапты. Әйтеке би ауданындағы газ құбырын тарту жұмыстарын «Влад» серіктестігі биыл сәуір айында бастаған. Жобаға құны 827 миллион теңгеден астам қаражат бөлініпті. Ал құрылыс барысында жалпы ұзындығы 53,6 шақырымды құрайтын жеткізуші және ауылішілік газ құбырлары тартылған. Газ құбырын іске қосу салтанатты рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов пен Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тоғызбаев ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады. Бүгінде Әйтеке би ауданындағы 27 елді мекеннің 21-і табиғи газбен қамтылған. Осы аптада Жабасақ ауылына да көгілдір отын берілетінін жеткізді аудан әкімі.
Количество показов: 22
Дата создания: 21.08.2026 06:17:05



















