Тоғызқұмалақшылар сайысы өтті
"Наурызнама" онкүндігінің бүгін ұлттық спорт күні. Осыған орай, Ақтөбеде тоғызқұмалақтан турнир өтті. Зияткерлік доданы қалалық мәслихат ұйымдастырған. Тоғызқұмалақ - қазақ халқының сан ғасырлық тарихы бар, терең ой мен ерекше сабырды талап ететін бірегей ұлттық ойын. "Дала шахматы" атанып кеткен бұл зияткерлік спорт түрі бүгінде тек елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде де кеңінен дамып келеді. Жақсылық Бикелді - 11 сынып оқушысы. Тоғызқұмалақты 2 сыныптан бері серігі етіп келеді. Зияткерлік ойынды бала кездегі қызығушылығынан бастаған. Жас тоғызқұмалақшының айтуынша, адамның логикалық ойлау қабілетін дамытуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда зияткерлік ойын өмірінің бір бөлшегіне айналыпты. Айта кету керек, қалалық мәслихат депутаттары бұл турнирді өткізуді жыл сайынғы дәстүрге айналдырған. "Негізгі мақсат - ұлттық ойынды кеңінен насихаттап, оның бұқаралық сипатын арттыру" дейді халық қалаулылары. Жарысқа жас ерекшелігіне қарамастан барлық ниет білдірушілер қатыса алады. Турнир ерлер және әйелдер санаттары бойынша ұйымдастырылады. Сайыс бірнеше кезеңнен тұрады. Әр кездесуде бір партия ойнатылады, ал тең нәтиже тіркелген жағдайда қосымша партия қарастырылған. Мұндай формат ойынның тартымдылығын арттырып, қатысушылардың шапшаң әрі нақты шешім қабылдауына мүмкіндік береді. Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер қалалық мәслихат депутаттарының демеушілігімен арнайы дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Жалпы, бұл турнир қазақтың бай мұрасын дәріптеп қана қоймай, тоғызқұмалақ арқылы ой ұшқырлығын арттырып, қатысушылар арасындағы достық байланысты нығайтатын маңызды спорттық шара.Количество показов: 5
Дата создания: 21.03.2026 06:56:55



















