Тұтынушылардың 38 миллион теңгесі қайтарылды
Биыл облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне түскен өтініштер саны артқан. Қаңтар-шілде аралығында мамандармен 1733 өтініш қаралған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 42%-ға көп. Ең көп шағымдар бөлшек сауда, тұрмыстық және онлайн қызметтер саласына қатысты. Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында 2025 жылдың 11 айында сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша жүргізілген жұмыстар қорытындыланды. Жыл басынан бері тұтынушы құқықтарын бұзғаны үшін 155 кәсіпкерлік субъекті әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұлдар мен ескертулер берілген. Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті 48 сот отырысына үшінші тарап ретінде қатысып, 38 млн теңгеден астам қаржы қайтарылған. Ақбота Жұмамұратованың сөзінше, туристік қызметтер, шаңсорғыштарды жоғары бағаға несиелік рәсімдеу, тегін процедура деген желеумен қымбат косметологиялық тауарларды сатып алуға тұтынушыларды мәжбүрлеу көп. Туристік қызмет аламыз деп опық жеген тұтынушыларға 4 млн. теңгеге жуық қаржы қайтарылған. Шаңсорғыштарға байланысты сатып алу-сату шарттары бұзылып, тұрғындардың 4 млн. 300 мың теңге көлеміндегі несиелері жойылған. Бас маман тұтынушылардың құқығы бұзылған жағдайда не істеу керектігін де айтты. Алдымен сатушыға немесе қызмет көрсетушіге жазбаша түрде шағым жолдау керек. Кейін e-otinish.kz порталы арқылы өтініш беру, қоғамдық ұйымдардан кеңес алу, қажет болған жағдайда сотқа жүгінуге мүмкіндік бар екенін ескертеді. Тұтынушы құқықтарын тиімді қорғау - тек мемлекеттің ғана емес, әр азаматтың да жауапкершілігі, дейді Ақбота Жұмамұратова. Заңды білетін және белсенді тұтынушы ғана өз құқықтарын қорғай алады әрі әділ және ашық нарық қалыптастыруға үлес қоса алады.Количество показов: 10
Дата создания: 10.12.2025 09:45:38



















