Төтеншеліктер айдындарды тексеруді бастады
Қыс басталысымен айдындарда мұз қатты. Қыс мезгіліндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыстық төтенше жағдайлар департаменті өзендерде профилактикалық рейдтерді бастады. Солардың бірі бүгін Ақтөбе су қоймасында өтті. Төтеншеліктер жаңа техникалармен таныстырды. Департамент автопаркі аэроқайықтармен толыққан. Құтқарушылар мұз үстінде қауіпсіздік пен адам шығынын болдырмауды көздейді. Себебі, қыс басталғалы Темір ауданында жазатайым оқиға тіркелген. Жұқа мұз үстіне шыққан балықшы суға түсіп кетіп, мерт болды. Мұз үстінде балық аулауға тек жеке құтқару құралдары болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Қатарына ысқырық, құтқару кеудешесі, кемінде 12 метрлік арқан, кемінде 2 метрлік таяқ және су өткізбейтін қаптағы ұялы телефон кіреді. Заң бұзушы 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік жауапкершілік арқалайды. Мамандар жұқа және қатаймаған мұзға шығуға, қауіпті ойықтар мен жарықтарға жақындауға, топ болып жиналуға және автокөлікпен мұз үстіне шығуға қатаң тыйым салады. Төтенше жағдай туындаса, дереу 112 нөміріне хабарласу қажет. Қыс бойы мұз үстіндегі қауіпсіздік шараларын сақтау - әр тұрғынның жауапкершілігі.Количество показов: 13
Дата создания: 10.01.2026 07:27:10



















