Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы орталықта спорттық мереке өтті
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға қолдау көрсетуге бағытталған спорттық мереке өтті. "Спорт-денсаулық кепілі" атты шараның мақсаты балаларды салауатты өмір салтына баулу, спортқа қызығушылығын арттыру және достық пен өзара қолдау құндылықтарын насихаттау. Жарысқа өңірге танымал спортшылар да арнайы қонақ ретінде қатысты.Спорт баланың денсаулығын нығайтып қана қоймай, оның бойындағы сенімділік пен жігерді қалыптастырады. Осыны негізге алған тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталықта балаларға арналған спорттық мереке ұйымдастырылды. Шара барысында қатысушылар гір көтеру, қол күресі, секіртпемен секіру, эстафета және командалық жарыстарда бақ сынады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат күш пен жігерді агрессияға емес, спортқа, өзін-өзі дамытуға және жақсы нәтижеге жетуге бағыттау. Жарысқа арнайы шақырылған спортшылар да балаларға қолдау көрсетіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Олардың қатарында гір спортынан 13 дүркін әлем чемпионы Евгений Гончаров пен қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Сергей Морозов бар. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталық 2022 жылдан бері жұмыс істейді. 50 адамға арналған мекемеде қазіргі таңда 32 адам әлеуметтік, психологиялық және басқа да қажетті көмектерді алып жатыр. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар балалардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға септігін тигізеді дейді.
Количество показов: 32
Дата создания: 27.08.2026 09:09:04



















