Тұрғындар жеделсатысыз айлап сыртқа шықпай қалған
Рысқұлов көшесіндегі 12 үйдің 1-корпусындағы жеделсатының істен шыққанына биыл 4 жыл болды. Тұрғындардың бармаған жері қалмаған. Әкімдікке де, тұрғын үй инспекциясына да хабарласқанымен шенділер мәселені шеше алмай отыр. Құр уәдеге тойған ақтөбеліктер бүгін тағы бас көтерді. Рысқұлов көшесіндегі 12 үйдің 1-корпусында тұратындардың дені - қариялар мен көп балалы аналар. Олардың дүкеннен нан алуы үшін баспалдақтан түсіп-мінуі мұң. 9 қабатты тұрғын үйде жеделсаты болмағандықтан арасында айлап далаға шықпайтындары да бар. Жания 9-қабатта 5 баласымен бірге тұрады. Кішкентайы 10 айлық болса, қалған балалары мектеп жасында. Олардың күнде сабағынан бөлек, қосымшалары бар. Кішкентайлармен далаға шығып серуендеуге де мүмкіндік аз. Себебі, бала арбасын өзіңмен бірге 9-қабаттан түсіріп, мінгізуге де күш керек,-деп налиды ол. Рысқұлов көшесіндегі бұл үйдің тұрғындары бұл мәселені бірінші рет көтеріп отырған жоқ. Бармаған тау, баспаған жерлері қалмаған. Тұрғын үйдің бір тұрғыны жуырда қайтыс болған. Соңғы жылдарда мүлде даланы да көрмепті. Жедел жәрдем келсе де жатқан адамды жоғарғы қабаттан түсіре алмай қиналады. Шаршаған ақтөбеліктер жеделсаты жасатудың жолын тауып берсе екен деп налиды. Ал, шенділер қанша уақыттан бері тұрғындарды "күнде ертең" деген құр уәдіге тойдырып келеді. Бүгін де берген жауаптарынан мәселенің жуырда шешілмейтінін білдік. Қалалық тұрғын үй инспекциясындағылардың айтуынша, қалада жөндеу қажет ететін 138 жеделсаты бар. Екі жыл қатарынан қалалық әкімдікпен республикалық бюджетке жобалық сметалық құжаттар дайындап тапсырылған. Алайда екі жыл қатарынан яғни 2024-2025 жылдары республикалық бюджеттен қаржы бөлінбегендіктен биыл облыстық бюджетке өтініш тапсырылған. Қазан айындағы маслихат сессиясында депутаттар Рысқұлов көшесіндегі 12/1 үйдің жеделсатысы бойынша өтінішті қанағаттандырмаған. Алайда желтоқсан айында қайта ұсынып көреміз деді,- қалалық тұрғын үй инспекциясының бөлім басшысы.Количество показов: 23
Дата создания: 05.11.2025 07:30:54



















