Тұмауға қарсы екпе салу науқаны басталады
Жедел респираторлы вирусты инфекцияны жұқтырмайтын адам кемде кем. Мұрнымыз бітіп, тамағымыз қышыса, біріміз дәстүрлі емді қолданып, енді біріміз қораптап дәрі ішеміз. Әйтсе де ақ халаттылар өз-өзін емдеумен айналыспай, дәрігерге жүгінген абзал дейді. Асқынып, соңы тұмауға әкелмеуі үшін. Себебі, аймақта соңғы 9 айда 373 мыңнан астам адам ЖРВИ және тұмаумен ауырған. Әсіресе жүкті әйелдер мен қарт кісілер, иммунитеті төмен адамдар вирусты бірден жұқтырады. Дер кезінде дәрігерге көрініп, ем қабылдағандары жөн. Ал, аурудан жеңіл өту үшін мұндай санаттағы адамдарға жыл сайын тұмауға қарсы вакцина салынады. Тұмау эпидемиялары кезінде тыныс алу жолдарының бактериялық инфекциялары, бронхит, пневмония күрт өседі. Науқаста созылмалы аурулардың өршуін тудырады және олардың ағымын күшейтеді, дейді дәрігерлер. Аурудың алдын алу үшін таза ауада көп серуендеп, дұрыс тамақтанып, жаттығулар жасап, құрамында С дәрумені бар жеміс жидектерді тұтынған абзал. Өңірде тұмауға қарсы вакцинациялау осы айдың 15-де басталады. Екпені тегін және ақылы түрде облыстың барлық емханаларынан алуға болады. Ал маусымдық кезеңде 140 122 адамды екпемен қамту жоспарланған. Оның 109 500-і жергілікті бюджет қаражатынан екпе алады.Количество показов: 18
Дата создания: 10.09.2025 08:43:42