Сыңғырла сырлы қоңырау
Биылғы оқу жылында қаладағы білім беру нысандарының саны бірнеше мектеппен толықты. Олардың арасында су жаңа нысан №81 мектеп бар. Екіқабатты зәулім ғимарат ауласында білім күніне орай арнайы салтанатты жиын өтті. Білім ордасының табалдырығын Алтын орда ауданына қарасты жүзден астам бүлдіршін аттап отыр. Салтанатты шараға Ақтөбе облысының білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева қатысты. Ол ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, білім алушыларға сәттілік тіледі.Жаңа мектепте білім алушыларға қолайлы жағдай жасауға басымдық берілген. Заманауи оқу кабинеттері мен қажетті инфрақұрылым оқушылардың сапалы білім алуына мүмкіндік береді. Мұнда біліммен қатар, балалардың шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға да жағдай қарастырылған. Алтынорда ауданында жаңа мектептің ашылуы білім алушыларға жайлы орта қалыптастырып отыр. Әсіресе ұстаздарға өз тәжірибесін жаңа деңгейде жүзеге асыруға мүмкіндік бермек. Бірінші сыныпқа 275 оқушы қабылданған. Мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге ата-аналары ақ жарма тілектерін жаудырды. Алғашқы қоңырау соғылған сәт баланың да, ата-ананың да жүрегінде біразға дейін сақталатын жылы сәт. Жаңа білім ордасының 900 оқушысы үшін білім мен ізденіске толы жаңа оқу жылы әлдеқашан басталып кеткен.
Количество показов: 12
Дата создания: 02.09.2026 09:58:03



















