Суға түсу маусымына дайындық жұмыстары
Жазғы демалыс маусымы басталды. Бұл дегеніміз жағажайға демалушылар саны артады деген сөз. Тұрғындардың су жағасындағы қауіпсіздік мәселесі басты назарда. Биыл облыста шомылуға рұқсат етілген жағажайлар саны қанша және тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қандай шаралар қолға алынды? Өңірде суға шомылу маусымы басталды. Биыл облыс аумағында демалыс үшін 73 орын қарастырылған. Алайда олардың тек 13-не рұқсат беріліп, қалған жағажайлардың жұмысына қауіпсіздік талаптарының сақталмауына байланысты шектеу қойылған. Кей жерлерде құтқару құралдары жоқ болса, енді бірінде табиғи жағдайлар шомылуға қолайсыз. Қазіргі таңда су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін құтқарушылар даярланып, жағажайлар қажетті құралдармен жабдықталуда. Облыс бойынша суға түсуге қауіпті 228 орынға 307 тыйым салу белгісі орнатылған. Сонымен қатар өзен-көлдер маңында бейнебақылау жүйелері көбейтіліп, рейдтік шаралар күшейтілмек. Су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге құтқарушылар, полицейлер, әскери қызметкерлер мен еріктілер жұмылдырылған. Сондай-ақ рейдтер барысында дыбыс зорайтқыш орнатылған ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану жоспарланып отыр. Айта кетейік, өткен жылғы шомылу маусымында облыс су айдындарында 9 адам, оның ішінде 4 бала қаза тапқан. Осыған байланысты құтқарушылар тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Оның ішінде кішкене балаларды қараусыз қалдырмай, масаң күйде суға түсуге болмайтынын ескертеді.Количество показов: 14
Дата создания: 02.06.2026 09:27:37



















