Статистикалық есептіліктің жаңа талаптары талқыланды
Бүгін қаламызда статистикалық есептілікті жетілдіру және кәсіпорындарда жасанды интеллектті қолдану мәселелері талқыланды. Шараның өтуіне ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының облыстық департаменті мұрындық болды. Шараға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Сауда және қызмет көрсету салалық кеңесінің мүшелері, респонденттер мен мемлекеттік органдар қатысты. Ұлттық статистика бюросының облыстық департаменті ұйымдастырған кездесу-диалог барысында статистикалық есептіліктің жаңа талаптары мен мазмұны талқыланды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, экономика бірнеше салаға бөлінген. Оның ішінде өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, сауда және қызмет көрсету статистикасы бар. Әрбір саланың өз көрсеткіші бар, ол макроэкономикалық көрсеткіштерге біріктіріледі. Қазіргі таңда шамамен 56 мың жеке кәсіпкер және 27 мың заңды тұлға тіркелген. Әрбір статистикалық бақылау мен есеп өз тәсілі мен методикасына сәйкес жүргізіледі. Сондай-ақ кәсіпорындарда жасанды интеллектті қолдану мәселесіне назар аударылып, жаңа есептілік формаларын жетілдіру бағытында пікір алмасты. Кездесудің мақсаты - респонденттерге түсетін әкімшілік жүктемені азайтып, есептілікті толтыру үдерісін жеңілдету. Статистикалық ақпарат халықаралық стандарттарға сәйкес дайындалып, кәсіпкерлерге қосымша жүктеме келтірмеуге мүмкіндік береді.Количество показов: 7
Дата создания: 05.03.2026 14:09:16



















