«Шебердің сырлы әлемі» атты көрме ашылды
Бүгін облыстық тарихи-өлкетану музейінде қолөнер шебері Айдос Мұратовтың 145 жылдығына арналған «Шебердің сырлы әлемі» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті. Көрме Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейімен бірлескен жоспар аясында өткізілді. Бар өмірін ұлттық қолөнерге арнаған шебер ағаштан, темірден және сүйектен түрлі тұрмыстық бұйымдар жасап, артына мол мұра қалдырды. Көрмедегі ерекше жәдігерлердің бірі - 1951 жылы шебердің жалғыз ұлы Ілиясқа арнап жасаған ер-тұрманы. Оның ерекшелігі - ірі қараның қабырға сүйегімен өрнектеліп, терімен қапталуында. Сонымен қатар көрмеде асадал, адалбақан, киім ілгіш, перде ілгіш секілді шебердің тұрмыстық бұйымдары да қойылған. Айдос Мұратов - 1881 жылы дүниеге келген. Қолөнерге деген қызығушылығы әкесі Мұраттан дарыған. Шебердің ұрпақтары да Айдос Мұратовтың ерекше өнерін сағынышпен еске алады. Немересінің айтуынша, олар бала күндерінде атасының ағаш ойып, түрлі бұйым жасап отырғанын көрген. Шебер жұмыс барысында темір шегені өте аз қолданып, көбіне ағаш шегемен бекіту тәсілін пайдаланған екен. Сонымен қатар, салтанатты ашылу рәсіміне шебердің ұрпақтары мен Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейі қызметкерлерінен бөлек зиялы қауым өкілдері, оқытушылар мен студенттер қатысты. Туыстарының айтуынша, Айдос Мұратов Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрының көркемдеу және жөндеу жұмыстарына қатысқан. Іс-шара барысында «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі мен «Ер Едіге» жыр мектебі өнер көрсетті. Көрме 1 шілдеге дейін келушілерге ашық болады.Количество показов: 9
Дата создания: 15.05.2026 07:02:44



















