Шаһарда жаңа балалар ойын алаңы пайда болды
Жаңақоныс-2 тұрғын алабында балаларға арналған жаңа ойын және спорт алаңы ашылды. Жоба жергілікті кәсіпкердің демеушілігімен жүзеге асып, әкімдікпен бірлесіп салынған. Бүгін нысанның ашылу салтанатына тұрғындар да қатысты. Балалардың шат күлкісі мен көтеріңкі көңіл күйі. Жеке бастама мен жергілікті биліктің бірлескен жұмысы нәтижесінде тағы бір тұрғын алапта көптен күткен игі іс жүзеге асты. Жаңақоныс-2 тұрғын алабындағы бұл күннің басты қуанышы - жаңа ойын алаңының ашылуы. Бұған дейін балалардың бос уақытын өткізетін демалыс немесе ойын алаңы болмаған. Енді олар заманауи алаңда асыр салып ойнай алады,- дейді тұрғындар. Бұл жоба жергілікті кәсіпкердің жеке бастамасымен жүзеге асқан. Аталған тұрғын алапта өзі де тұратын стоматолог-дәрігер балаларға қолайлы орта қалыптастыруды мақсат етіп, өз қаражатына 26 миллион теңге бөлген. Жоба аясында шағын футбол және волейбол алаңдары, түрлі әткеншектер мен ойын құрылғылары орнатылған. Құрылыс жұмыстары сәуір айында басталған. Қолайсыз ауа райына байланысты уақытша кідірістер болып, негізгі жұмыстар шамамен екі айда аяқталған. Игі бастама ақпан айында Астана ауданы әкімдігімен жасалған меморандумнан кейін қолға алынған. Әкімдік тарапынан жер телімі дайындалып, тегістеу жұмыстары жүргізілген. Астана ауданының әкімінің айтуынша, жоба "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында демеушілер көмегімен салынған. Жаңақоныс-2 тұрғындары жаңа нысанды көптен күткенін айтады. Әсіресе балалардың қауіпсіз әрі жайлы жерде ойнайтынына қуанышты. Енді бұл алаңның көркін келтіріп, таза ұстау - тұрғындардың ортақ жауапкершілігі. Биыл Астана ауданында осындай 11 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның жетеуі пайдалануға берілген. Ал қалғаны аяқталу сатысында. Жаңақоныс-2-дегі жаңа алаң балалардың бос уақытын тиімді өткізіп қана қоймай, тұрғындардың басын қосатын жаңа қоғамдық кеңістікке айналмақ.Количество показов: 12
Дата создания: 23.07.2026 07:06:13



















