Шаһарда скейт алаңы ашылды
Шаһардағы скейт сүйер жеткіншектердің қуанышында шек жоқ. Бір-бір спорттық велосипед мінген жастар өзара жарысып, түрлі ерекше әдістер жасап, өз өнерлерімен бөлісуде. Скейт алаңы қаланың ортасында, Пацаев ескерткішінің маңына салынған. Алаңдағы арнайы рампа спортпен шұғылдануға, скейт тебуге және BMX велосипедтеріне, соның ішінде сырғанауға мүмкіндік береді.Шаһар басшысы өз сөзінде «Бізде ескерткіштің дәл алдында, жол бойында скейт тебетін және велосипедпен жүретін жастар мен жасөспірімдер көп, бұл қауіпсіз емес. Біз олардың үйреншікті орнына жақын орналасқан бос жатқан аумақты таңдадық. Ескерткіштің артында қараусыз қалған осы жер бос болды. Осында стрит-воркаут аймағы, көше тренажерлары, сондай-ақ сырғанауға арналған рампа жабдықталды», - деді. Сонымен қатар шаһарымызда демеушілер көмегімен жүзеге асып жатқан басқа да жобалар жетерлік екенін айтып өтті. Дәл осы спорт түріне қызығатын жасөспірімдер саны жылдан жылға артып келеді. Топ болып көшеде велосипед айдаса, қауіпті. Енді олардың уақыт өткізетін, сүйікті спортымен айналысатын арнайы үлкен алаңдары бар. Алаңның ашылуына келген жастардың көңілдері көтеріңкі. Жоба толық демеушілер есебінен қаржыландырылды. Рампа құрылысына бас демеуші 150 миллион теңге бөлген. Алаңның айналасын абаттандыруға өзге кәсіпкер 50 миллион теңге бөліпті. Скейт-парктің ашылуына жастар, спорт сүйер жандар мен белсенділер, қала тұрғындары қатысты. Келушілер экстремалды спорт әуесқойлары арасындағы жарыстарды тамашалады.
Количество показов: 37
Дата создания: 23.09.2025 00:29:51