Шаһарда шағын бақ ашылды
Шаһарда биыл бос жерлерді абаттандыру жұмыстары қарқынды жүрді. 15 жаңғыртылып, абаттандырылған жерлердің бірі - М.Мәметова көшесінің бойындағы бос жатқан 30 соток учаске. Бұл жерді “Әлихан ОЙЛ 3” серіктестігі абаттандырды. Зұлқожа Қожаев бос жатқан аумақты өз отбасының атынан қалаға сый ретінде абаттандырып бергенін айтты. Тәуелсіздік күні қарсаңында саябаққа көрші орналасқан үйлердің тұрғындары серіктестік басшысымен кездесіп, алғыстарын айтты. Кездесуге қала әкімі Азамат Бекет те қатысып, кәсіпкерге қаланың дамуына қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді. «Біз қала әкімінің ұсынысын қабылдап, отбасымыздың және өз компаниямыздың атынан Ақтөбеге сыйлық жасауды ұйғарып, өз қаражатымызға шағын бақ салдық. Жұмысты жазда аяқтадық. 1000 шаршы метр жерге жаяу жүргіншілер үшін тас төсеп, 900 шаршы метр автотұрақ орнаттық,- деді серіктестік басшысы. Шағын баққа тұрғындарға арнап заманауи орындықтар, шамдар қойылып, жарықтандырылды. Сондай-ақ 2,500 шаршы метрге газон егіліп, көктемде түрлі ағаш пен гүлдер отырғызу жоспарланған. Ол үшін 17 метр тереңдікте су ұңғымасын қазып, су шығарылды. Құбыр орнатылып, суару жүйесі тартылды. Шағын саябаққа “Отбасы” архитектуралық формасы қойылды. Бұл тұрғындардың отбасымен уақыт өткізетін жері болады. Бір жыл бойы өзіміз күтіп ұстаймыз. Содан кейінгі күтімі осы жердегі тұрғындарға тапсырылады. Олардың ауызбіршілігі мол екен. Біздің жұмысымызды қолдады», - деді серіктестік басшысы. Енді қала тұрғындары осы жерді таза ұстаса болғаны деген пікірлерін білдірді олар.Количество показов: 11
Дата создания: 16.12.2025 09:31:20



















