Шаһарда пакетке салынған шарана табылды
Ақтөбелік оқушы қыздар полиэтилен пакетке салынған нәрестені тауып алған. Шаһардағы Гагарин көшесінде кездескен қос құрбы пакетте жыбырлап жатқан марғау немесе күшік деп ойлаған. Кейін шыққан дыбыстан сәби екенін білген. Бүгін адам шошырлық оқиғаға қатысты полиция мен дәрігерлер түсініктеме берді. Шаһарда пакетке салынған шарана табылды. Оқиға 23 мамыр күні болған. Гагарин көшесінде ойнап жүрген оқушы қыздардың назары алдымен қара пакеттен шыққан біртүрлі дыбысқа ауған. Қыздар полиэтилен пакет ішіндегі марғау немесе күшік деп ойлапты. Бірақ жақындай келе адамның бет бейнесіне ұқсас белгіні байқап, шыққан дыбыстың әлсіз ыңырсыған үн мен қарлығыңқы тыныс екенін түсінген. Шошынған жасөспірімдер дереу жақын маңдағы дүкенге барып, ересектерді көмекке шақырған. Көмекке келген әйелдердің бірі қара пакетті ашып, артынша тағы бір пакетті шешеді. Ішінен жылаған нәресте табылған. Одан әрі ештеңеге қол тигізбей, бірден полиция шақырады. Қазір нәресте дәрігерлердің бақылауында. Өміріне қауіп жоқ. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша сәбидің анасын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шаралары жүріп жатыр. Бірақ қылмыстық істің қозғалып-қозғалмағаны туралы нақты ақпарат бермеді. Елімізде баласынан түрлі себеп, сылтаумен бас тартатын көкек аналар азаймай отыр. Мұндай қылмысқа барғандардың дені - шартты жаза, айыппұл немесе қоғамдық жұмыстармен ғана шектеледі.Количество показов: 15
Дата создания: 26.05.2026 06:37:46



















