Шаһарда буллингке қарсы іс шара өтті
Жастар арасындағы буллинг қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе соңғы жылдары кибербуллингтің көбеюі мамандарды алаңдатып отыр. Қаламызда дәл осы тақырыпты көтерген, қауіпсіз ортаны қалыптастыруға бағытталған, арнайы кездесу өтті. Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінде «Көмек» атты буллингтің алдын алуға бағытталған кездесу ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты жастарға буллингтің зияны мен салдарын түсіндіріп, қиын жағдайда дұрыс әрекет ету жолдарын үйрету. Кездесуге 55-ке жуық студент қатысты. Шара барысында Жан ахуал орталығының психолог мамандары студенттермен тәжірибелік жұмыстар өткізді. Арнайы тренингтер арқылы жеке шекараны сақтау, эмоцияны басқару және қысымға қарсы тұру тәсілдері түсіндірілді. Мамандардың сөзінше, адамның өз шекарасын білуі буллингтің алдын алудағы маңызды қадам. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінде буллинг тек оқу орындарында ғана емес, әлеуметтік желілерде де жиі кездеседі. Әсіресе кибербуллинг жастар арасында кең таралған. Мамандар буллингпен күресте ең маңыздысы үнсіз қалмау дейді. Себебі дер кезінде көрсетілген қолдау мен көмек көптеген психологиялық мәселелердің алдын алуға мүмкіндік береді.Количество показов: 20
Дата создания: 27.05.2026 06:58:44



















