Үш ауданда жаңа және жаңғыртылған өрт сөндіру бөлімдері ашылды
Облыстың үш ауданында төтенше жағдайлар қызметінің инфрақұрылымы жаңарып, жаңа және жаңғыртылған өрт сөндіру бөлімдері ашылды. Салтанатты шараларға ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов қатысып, құтқарушылардың қызмет жағдайымен танысты. Дәл осындай маңызды нысан Мәртөк ауылында ашылды. Жаңа бөлім 13 ауылдық округ пен 32 елді мекеннің, жалпы 30 мыңға жуық тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Енді құтқарушылар заманауи диспетчерлік жүйелермен және жаңа техникамен жұмыс істемек. Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылында соңғы 58 жылда алғаш рет салынған жаңа өрт сөндіру депосы пайдалануға берілді. Бұған дейін бөлімше 1968 жылғы ескі ғимаратта орналасқан болатын. Жаңа кешенде техникаға арналған бокстар, диспетчерлік, оқу сыныптары, демалыс бөлмелері және газ-түтіннен қорғау бекеті бар. Сондай-ақ «Batyr team» спорт залы мен жаттығу алаңдары жабдықталған. Хромтау қаласында 1977 жылы салынған өрт сөндіру бөлімі күрделі жөндеуден өтіп, толық жаңғыртылды. Іс-шара барысында қызметкерлерге қызметтік тұрғын үйдің кілттері табысталды. Жобаларды жүзеге асыруға үлес қосқан қызметкерлер мен жергілікті атқарушы орган өкілдері ведомстволық марапаттарға ие болды.Количество показов: 5
Дата создания: 10.02.2026 10:43:16



















