Саяжай иелері бақша өнімдеріне ауа-райының кері әсер еткенін айтады
Аптап ыстық пен толассыз жауын биыл саяжай иелерін әбігерге салған. Ауа райының қолайсыздығынан кейбір дақылдар күйіп кетсе, енді бірі шіріп кеткен. Соған қарамастан, саяжай бау-бақшаларынан түрлі көкөністердің мол өнім беріп жатқаны байқалады. Жазғы маусым аяқталуға жақындағанымен, саяжайдағы жұмыс әлі де қызу жүріп жатыр. Бүгін редакция ұжымымен саяжай аумағына барып, саяжай маусымының қазіргі тұрмыс-тіршілігімен танысып қайттық. Бағбандар биылғы өнімге аптап ыстық пен толассыз жауынның кері әсер еткенін айтады. Соған қарамастан, бағбандар бірге көкөніс пен жеміс-жидек өсіріп, қыс мезгіліне дайындалуда. Саяжай иесі Владимир Гаранкин әйелімен бірге өнімдерін баптап, жаз бойы өсіреді екен. Бау-бақшасында құлпынай, жүзім, қияр, қызанақ және қырыққабат, алма мен өрік өсіріледі. Ал саяжай иесі бақшасына баялдыны екпейтінін айтты. Себебі баялдыға колорадо қоңызы көп зиянын тигізеді. Биылғы жаз бағбандар үшін оңай болмаған. Ұзаққа созылған аптап ыстық өсімдіктердің күйіп кетуіне себеп болса, кейінгі жауын-шашын да өз зардабын тигізген. Бағбанның сөзінше, жердің беті қатайып, оны үнемі қопсытып тұруға тура келген. Салдарынан құлпынай дұрыс бой көтермеген. Дегенмен саяжай иелері қолдағы өнімді сақтап қалуға тырысып жатыр. Айтуларынша, мұнда өсірілген көкөніс пен жеміс-жидектің барлығы тек отбасының қажетіне арналған. Мұндай өнімді олар жыл сайын егетіндерін айтты.Количество показов: 6
Дата создания: 01.08.2026 07:07:17



















