Өрттің қауіпті кезеңіне дайындық басталды
Облысымызда өрт қауіпі жоғары кезеңге дайындық шаралары күшейтілді. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары кеңінен талқыланды. Мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда аймақта 84 әкімдікке қарасты өрт сөндіру пункті жұмыс істейді. Қызметте 506 адам еңбек етеді, ал техниканың жалпы саны 88 бірлікті құрайды. Өткен жылы жергілікті өрт сөндіру пункттері өз күшімен 25 жану мен 6 өртті сөндірсе, мемлекеттік қызметпен бірлесіп 150 жану мен 109 өрттің алдын алған. Бұл олардың өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды рөлін көрсетеді. Сонымен қатар, қысқы кезең басталғалы құтқарушылар 134 авариялық-құтқару және 30 іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде 252 адам құтқарылып, 612 тұрғын эвакуацияланды. Өрт қаупі жоғары маусым қарсаңында профилактикалық жұмыстар да күшейтілген. "Ауыл құтқарушылары" бағдарламасы аясында облыстың 9 ауданында 30 жаңа өрт сөндіру пунктін ашу жоспарланған. Сондай-ақ ерікті өрт сөндіру құрылымдары да белсенділік танытуда. Мамандар тілсіз жаудың алдын алу ең алдымен тұрғындардың жауапкершілігіне байланысты екенін айтады. Сондықтан қауіпсіздік ережелерін сақтау әр азаматтың міндеті. Ал төтенше жағдай орын алса, 101 немесе 112 нөміріне хабарласу қажет.Количество показов: 11
Дата создания: 04.04.2026 07:36:52



















