Полиция жолда колоннаны бастап жүрді
10 ақпанда ауа райының күрт нашарлауына, яғни қатты боран мен аязға байланысты өңір аумағындағы республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар уақытша жабылды. Бұл шаралар жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған болатын. Атап айтқанда, «РФ шекарасы - Ақтөбе - Қызылорда - Шымкент - Алматы - ҚХР шекарасы» автомобиль жолының 776-965 шақырымдары аралығында барлық көлік түрлері үшін жол қозғалысы уақытша шектелді. Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз тас жолындағы қозғалыс та тоқтатылды. Кеше кешкілік "РФ шекарасы-Мәртөк-Ақтөбе-Қарабұтақ-Қызылорда-Шымкент-Тараз-Қордай-Алматы-Қорғас-ҚХР" кейбір жол учаскелері де уақытша жабылды. Ал, бүгін күндізгі сағат 10 жарымда өңірдегі кейбір тасжолдардағы көлік қозғалысы жанданды. Полиция қызметкерлері жолда жиналып қалған автокөліктерді бастап жүрді. Ырғыздан Қарабұтақ бағытына, Қарабұтақтан Хромтау бағытына қарай жеңіл көліктерге жол ашылды. Полиция департаменті жүргізушілерді жолға шығар алдында көліктің техникалық жағдайын тексеруге, ауа райы жағдайын ескеруге, белгіленген жылдамдық режимін сақтауға және жолдардың жай-күйі туралы ресми ақпаратты қадағалап отыруға шақырады. Патрульдік полиция экипаждары жол жағдайын бақылауда ұстап, күшейтілген режимде қызмет атқарып жүр. Жол қызметтері де тәулік бойы кезекшілік атқаруда. «ҚазАвтоЖол» серіктестігі облыстық филиалының 20 мамандандырылған техникасы мен 40 қызметкері республикалық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау үшін түнгі ауысымда жұмыс істеді. Жол бөлігін қардан тазарту және көктайғақ болатын жерлерге инертті материал себу жұмыстары жалғасып жатыр.Количество показов: 7
Дата создания: 12.02.2026 04:06:19



















