Полиция қызметкерлері қаладағы түнгі клубтан бірқатар заңбұзушылық анықтады
Қаладағы түнгі клубтардың бірінде жүргізілген рейд барысында бірқатар заң бұзушылық анықталды. Полиция қызметкерлері тексеру кезінде есірткі заттарына ұқсас орамалар, суық қаруға ұқсас заттар тәркіленіп, клубта кәмелетке толмаған жасөспірімнің болғанын анықтады.Қаладағы түнгі клубтардың бірінен есірткі заттарына ұқсас үш орама тәркіленді. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері металл кастет пен екі жиналмалы пышақтың болғанын анықтады. Ал бар сөресінің маңынан төрт кальян тәркіленген. Рейд барысында клубта 2009 жылы туған кәмелетке толмаған жасөспірімнің болғаны да анықталды. Жалпы полиция бөліміне 17 адам жеткізілген. Мамандардың айтуынша, оның ішінде кәмелетке толмаған адамның түнгі уақытта ойын-сауық орнында болуына жол беру, темекі өнімдерін тұтынуға қатысты талаптарды және алкоголь өнімдерін өткізу саласындағы заңнаманы бұзу фактілері бар. Анықталған деректер бойынша ойын-сауық орнының әкімшілігіне қатысты бірнеше әкімшілік хаттама толтырылған. Мамандардың мәліметінше, тәркіленген заттар олардың құрамын анықтау үшін сараптамаға жіберілді. Қазіргі уақытта полиция өкілдері тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына қатысы бар тұлғаларды анықтап, оқиғаның барлық мән-жайын тексеруде. «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясындағы рейд прокуратура органдарының үйлестіруімен өтті.
Количество показов: 12
Дата создания: 19.08.2026 07:45:41



















