"Ойылым- ерке өзенім" ән байқауы өтті
"Ойылым- ерке өзенім". Өткен демалыс күндері қаламызда осы атаумен аймақтық ән байқауы өтті. Байқауға Атырау облысы және қаласынан, Ақтөбе өңірінен орындаушылар қатысты. Шара Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, сазгер, Ойыл ауданының "Құрметті азаматы" Жолдыбай Айтқұловтың шығармашылығына арналды. Сегіз қырлы, бір сырлы талант иесі – Айтқұлов Жолдыбай бала кезінен өнерге құштар, өлең жазып, ән шығаратын, сурет салып, музыка аспаптарында шебер орындайтын, ән айтып, жыр толғайтын. Алғашқы әндерін мектеп оқушысы кезінен жазып бастаған. 1966 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін, Алматы қаласында алғаш құрылып жатқан Республикалық эстрада-цирк студиясына оқуға түсіп, 1969 жылы студия және «Қазақфильм» жанындағы кешкі актерлік шеберхананың дубляж цехын бітірген. Сол жылы тұңғыш құрылған республикалық «Гүлдер» ансамблінде, кейін Тараз қаласына жолдамамен аттанып, облыстық «Жас толқын» эстрадалық ансамблінде артист-орындаушы болып қызмет атқарған. Табиғатынан сұлулыққа жаны құмар ақынның алғыр, әсершіл, болып өсуіне әкесінің тәрбиесі мен сылдырап аққан Ойыл, Ащыойыл мен Қуырдақты өзендерінің де септігі көп тиді деп еске алады ақынның туғандары. Мәдени шараға әнсүйер қауым жиналды. Барлығы 11 үміткер байқауға қатысты. Олар Атырау және Ақтөбе аймақтарынан келді. Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде - қатысушылар сазгер Жолдыбай Айтқұловтың шығармашылығынан бір туынды орындаса, екіншісінде еліміздің белгілі композиторларының немесе халық әндерінің бірін орындады. Қазылар алқасы - өңірдің мәдениет саласының үздік өкілдері, тәжірибелі өнер майталмандары мен кәсіби мамандар болды. Байқау қорытындысы бойынша қатысушыларға арнайы дипломдар мен қаржылай жүлделер табысталды.Количество показов: 16
Дата создания: 18.11.2025 07:52:23



















