Ор өзеніндегі балықтар оттегі жетіспеуінен қырылған
Ор өзеніндегі балықтар оттегі жетіспеуінен қырылған. Бұл туралы бүгін ақпарат орталығында өткен брифингте облыстық орман және жануарлар дүниесі инспекциясының бөлім басшысы Нұрболат Дүйсенов хабарлады. Бірақ, табиғатқа келген нақты шығын көлемін айта алмады. 4-тамызда Ор өзені бетінде қалқып жүрген балықтарды Хромтау ауданына қарасты Бөгетсай ауылының тұрғындары байқаған болатын. "Медет АТК" қоғамдық қорының директоры, аңшы Александр Мандрыкин де судың қара түске боялғанын көріп редакциямызға хабарласты. Ақтөбелік экологтар мен балық шаруашылығы инспекторлары апта бойы су жәндіктерінің қырылу себебін анықтап бір тоқтамға келді. Шілде соңындағы нөсерлі жаңбырдан кейін арнасынан тасыған өзендер жақын маңдағы шаруа қожалықтарының шаруашылық алқаптарындағы қалдықтарды шайып әкеткен. Ал аптап ыстық басталғанда суда табиғи химиялық әсерге ұласқан. Ал кей балықтар толасcыз жауған жауыннан жағаға шығып қалған. Қазір аумақты тазалау жұмыстары жүріп жатыр.
Количество показов: 1953
Дата создания: 12.08.2016 18:50:53