Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті
Ақтөбе қаласы мен аудандардағы көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту және елді мекендерді абаттандыру жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Бұл бағытта атқарылған жұмыстар мен бөлінген қаражаттың игерілуі қоғамдық кеңестің кезекті отырысында талқыланды. Ақтөбе қаласында көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Бұл бағытта тұрғын үй қорын сақтау, инженерлік жүйелерді жаңарту және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға басымдық беріліп отыр. Шаһарда көппәтерлі 2 100 тұрғын үй бар. Бүгінде күрделі жөндеуді қажет ететін 17 көппәтерлі үйдің 6-уында жөндеу жұмыстары жасалып, аяқталған. Биыл 9 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінгі қоғамдық кеңесте қаладағы және моно қалалардағы, соның ішінде Қандыағаш, Хромтау, Алғадағы көппәтерлі тұрғын үйлерді абаттандыру және жөндеу жұмыстары туралы да туралы айтылды. Бұл мәселе аясында "тұрғындардың көңілі тола ма?" деген сұрақ көтерілді. Тұрғындар көпқабатты үйлерге жөндеу жұмыстары атқарылып жатқанын айтып, дегенмен ескі үйлерге жаңарту жұмыстары керек деген пікірде. Әсіресе орталықтағы пәтерлердің жанында саябақтар салынған. Соған сай көппәтерлі тұрғын үйлердің сыртқы көрінісінің де жаңа әрі әдемі болуы маңызды екенін жеткізді. Ал соңғы бес жылда Мұғалжар ауданы бойынша 7 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткен. Биыл Қандыағаш қаласындағы төрт тұрғын үйді жаңғыртуға 413 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал Ембі қаласында үш жаңа балалар ойын алаңы пайдалануға беріліп, көшелерді жарықтандыру және саябақтарды күтіп ұстау жұмыстары жүргізілуде.Количество показов: 10
Дата создания: 15.07.2026 00:57:11



















