Облыста құтқару қызметінде 68 маман еңбек етеді
Адам өмірін сақтап қалу үшін кейде бір сәтте шешім қабылдау қажет. Мұндай жағдайда білім мен тәжірибеден бөлек, батылдық пен кәсіби дайындықтың маңызы зор. Құтқарушы мамандығы осы қасиеттерді талап етеді. Бүгін - сол жауапкершілікті күн сайын арқалап жүрген мамандардың кәсіби мерекесі. Облыста құтқару қызметінде 68 маман еңбек етеді. Өңірде төрт құтқару бекеті жұмыс істейді. Қызметкерлердің қатарында сүңгуірлер, кинологтар және өзге де арнайы бағыттағы мамандар бар. Әрқайсысы төтенше жағдайдың түріне қарай әрекет етіп, адам өмірін сақтап қалуға атсалысады. Жас құтқарушылар 19-20 жастан бастап қызметке қабылданады. Бұл мамандықта тәжірибе жылдар бойы қалыптасады. Данияр Бланов құтқару саласында 19 жылдан бері еңбек етіп келеді. Оның кәсіби жолындағы есте қалған оқиғалардың бірі - 2008 жылы адамды судан құтқаруға қатысуы. Суға алғаш түскен сәтте қорқыныш болғанын жасырмады. Алайда уақыт өте келе тәжірибесі артып, қиын жағдайда әрекет етуді меңгерді. Бүгінде ол - өз ісінің білікті маманы. Кәсіби мереке қарсаңында тәжірибелі маман әріптестерін құттықтап, оларға амандық пен абыройлы қызмет тіледі. Құтқарушының кәсіби шеберлігі тек тәжірибемен шектелмейді. Бұл салаға келген мамандар арнайы даярлықтан өтіп, төтенше жағдай кезінде әрекет ету тәртібін меңгереді. Өйткені әр жағдайдың өзіндік қаупі бар. Ал құтқарушы үшін ең үлкен нәтиже - қауіп үстінде қалған адамның аман-есен жақындарына оралуы.Количество показов: 14
Дата создания: 20.10.2026 09:23:40



















