Облыста суға шомылу маусымы аяқталды
Шомылу маусымы аяқталғанына қарамастан облыстың су тоғандарын жағалап жүрген ақтөбеліктер әлі көп. Жағажай маңдарында адам қарасы үзілмей тұрғандықтан қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Мамандар өңірдегі шомылуға қауіпті 228 орынға 430 тыйым салу белгісі орнатқан. Мұндай белгілерге көңіл аудармай тыйым салынған жерлерде шомылғандарға бірден айыппұл салынады. Жалпы, ағымдағы жылдың басынан бері облыстың су айдындарында 6 адам көз жұмған. Оның үшеуі кәмелеттік жасқа толмаған балалар. Қайғылы оқиға Ырғыз, Мәртөк және Алға аудандарында тіркелген. Мамандар аталған аудандарда қатаң қауіпсіздік шараларын жүргізген.Жағажайларда қауіпсіздік талаптарын бұзғандар да жауапсыз қалмайды. Шомылу маусымы өткен үш айда 126 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 1 миллион 978 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Алайда мамандардың айтуынша, негізгі қауіпсіздік шарасы бақылау емес, азаматтардың өз жауапкершілігі. Әсіресе балаларды су маңында қараусыз қалдырмау маңызды. Биыл балалардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету үшін облыста 88 қаңқалы-модульдік бассейнде жүзуге үйрету ұйымдастырылды. Мамандар мектеп жанындағы лагерьлерде де судағы қауіпсіздік бойынша арнайы сабақтар өткізген.
Количество показов: 17
Дата создания: 02.09.2026 10:00:13



















