Облыста карантин талаптары күшейді
Облыс бойынша соңғы тәулікте 48 адамнан коронавирус инфекциясы табылды. Аурушаңдық өсімі бір күнде 11 пайызға жуықтады. Облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері Нұрсұлу Беркімбаева эпидемиологиялық жағдайға байланысты жаңа қаулы шығарды. « Бүгіннен бастап интернет, компьютер клубтары, саябақ, гүлзарда, ойын-сауық орындарындағы балалардың ойын алаңы жұмысын тоқтатты. Біз 15 маусымнан бастап сауықтыру лагеріне жұмыс істеуге рұқсат беріп едік, бірақ бәрі кейінге шегерілді. Түнгі клубтар мен караоке жабылды. Бұқаралық шараларға, еске алу кештеріне тыйым салынды. Қонақ шақыруға болмайды. Көрме, форум, конференция өткізілмейді. Саябақтағы тамақтану дүңгіршектері жабылды», - деді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева. Сонымен бірге қоғамдық көлік таңғы алтыдан кешкі тоғызға дейін жүреді. Тек жұмысқа барып-келуге, азық-түлік сатып алуға ғана сыртқа шығуға болады. Себепсіз көшеде жүру де тоқтауы тиіс. Түрлі тауар сататын, мал, киім-кешек, автокөлік, құрылыс базарлары дүйсенбі-бейсенбі аралығында таңғы тоғыздан түскі үшке дейін, ал жұма-жексенбі күндері таңғы оннан түскі төртке дейін ашық болады. Азық-түлік дүкені, супермаркеттер таңғы оннан кешкі сегізге дейін жұмыс істейді. Количество показов: 849
Дата создания: 12.06.2020 18:54:06



















