Оңтүстік-Батыс-1 елді-мекені тұрғындары екі жылдан бері жол азабын тартып отыр
Оңтүстік-Батыс-1 ауданындағы Исатай Тайманов көшесінің қазіргі күйі осы. Аудан тұрғындарының айтуынша, бұл көрініс екі жылдан бері қайталанып келеді. Жауын-шашын мезгілдерінде ауданның сұрқы кетеді. Балшыққа иленген жолдан жүру мүмкін емес. Басты көшеде үш әлеуметтік нысан №10 орта мектеп, амбулаторлы емхана, "Қуаныш" балабақшасы орналасқандықтан жолаушылардың жүру қарқыны көп. Шалшық су, балшық иленіп ми батпаққа айналады. Басқа амал болмағандықтан сабаққа оқушылар аяқтарына полиэтилен пакеттерін киіп келетін көрінеді. Әйтпесе балшық аяққа жабысып мазаны алады. Тұрғындар екі жылдан бері басталған жол құрылысы жаз бойы қараусыз қалып, айнала қоқысқа толды дейді. Қазылған шұңқыр мен ойық осы көшенің балаларын еркін ойнатпай әбден әбігерге салыпты. Сиыр құйымшаққа салынған жол жыры үлкеннің де кішінің де мазасын қашырып отыр. Ауданда жол құрылысын жүргізіп жатырған жауапты мердігер ұйым бес көшені жөндеу жұмыстарын 2025 жылдың күз мезгілінде қолға алыпты. Аумаққа жауаптылардың айтуынша, қазір көшеде құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Атап айтқанда, жиектастар орнатылып, жаяу жүргіншілер жолы төселуде. Бұл жұмыстар екі апта бұрын басталған. Мердігер алдағы екі-үш күнде аяқтауды жоспарлап отыр. Ал асфальт жабынының соңғы қабаты келесі аптада төселмек. Исатай Тайманов пен Халида Маманова көшелерін толық жөндеу жұмыстары қашан аяқталатыны белгісіз. Досжан Хазірет, Құрмашев, Қуандық Шаңғытбаев көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары басталғанымен аяқсыз тұр. Аталған көше бойынан ауыр техниканы бірде көріп, кейін мүлде таппай қалуға аудан халқы әбден үйренген. Жұртшылық жаз бойы көше бойына көтерілген шаңнан зардап шегіп отырғандарын қалалық әкімдікке бірнеше рет айтып барған. Нәтиже болмағаннан соң құзырлы органдардың назар аударуын сұрап әлеуметтік желілерге жүктеген. Тұрғындар жаз айын терезе ашпай, сыртқа киім кептірмей өткіздік дейді. Енді олар күзгі күнгі жаңбыр маусымын елестетудің өзі қорқынышты деп отыр.Количество показов: 15
Дата создания: 10.10.2026 10:17:33



















