"Наурызнама" жалпыұлттық онкүндігі басталады
Табиғат жаңарып, күн мен түн теңелетін Наурыз мерекесін ақтөбеліктер жыл сайынғы дәстүр бойынша 10 күн тойлайды. "Наурызнама" жалпыұлттық онкүндік ертең бастау алады. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мерекелік бағдарламалар 14–23 наурыз аралығында облыс орталығы мен аудандарда ұйымдастырылады. Ертең облыс тұрғындары "Көрісу күнін" тойлайды. Негізгі мерекелік алаң «Қазақ халқына мың алғыс» алаңында ұйымдастырылады. Мұнда сахна орнатылып, күн сайын концерттер, театрландырылған қойылымдар, ұлттық дәстүрді дәріптейтін мәдени бағдарламалар ұсынылады. Наурыз он күндігі көрісу дәстүрінен бастау алып, қайырымдылық, отбасы құндылықтары, ұлттық киім, мәдениет пен салт-дәстүр, ұлттық спорт, ынтымақ пен жаңару идеяларын насихаттауға бағытталады. Осы күндері қала мен аудандарда концерттер, көрмелер, байқаулар, ұлттық ойындар, шығармашылық кештер мен мәдени шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар тұрғындарға арналған қайырымдылық акциялары өткізіліп, әлеуметтік осал топтағы отбасыларға көмек көрсету жоспарланған. Мереке аясында ұлттық тағамдар ұсынылып, киіз үйлер тігіліп, халықтық ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылады. Ал, 22 наурызда "Наурыз - жарқын жыл басы" атты көпшілік шарасы шаһарда "Қазақстан халқына мың алғыс" алаңында өтеді. Одан бөлек бірнеше алаңда кең көлемді мерекелік шаралар, театрландырылған көріністер мен концерттік бағдарламалар көпшілік назарына ұсынылады. Ал мерекелік онкүндік қоршаған ортаны тазалауға бағытталған экологиялық акциямен түйінделеді.Количество показов: 7
Дата создания: 14.03.2026 07:38:09



















