Нұрғиса мен Шәмші әндері шырқалды
Биыл Нұрғиса Тілендиевтің туғанына – 100 жыл, ал Шәмші Қалдаяқовтың туғанына – 95 жыл толып отыр. Осыған орай аймақтағы өнерпаздар сырнай үнімен қос композитордың шығармаларын орындап, ұлттық музыкалық мұраны дәріптеді. 70-ке жуық қатысушының қатарында жас өреннен зейнеткерге дейін бар. Қурайлы мәдениет үйінде өткен «Шырқа, сырнай!» аймақтық фестиваліне 70-ке жуық өнерпаз қатысты. 14 жастағы оқушысыдан 73 жастағы зейнеткерге дейін өнерлерін ортаға салды. Олар қазақ музыкасының көрнекті тұлғалары Нұрғиса Тілендиев пен Шәмші Қалдаяқовтың әндерін сырнай аспабында орындады. Фестивальдің басты мақсаты – қос бірдей композитордың бай музыкалық мұрасын дәріптеу, сонымен қатар сырнай аспабында ойнайтын өнерпаздардың шығармашылығын қолдау. Шара барысында қатысушыларға «Шырқа, сырнай – 2025» мүсіні мен алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ барлық өнерпаздар «Сырнайшылар анықтамалығына» енгізіліп, естелік сыйлықтармен марапатталды. Ең жас және ең жасы үлкен қатысушыларға арнайы сый-сияпат ұсынылды. Фестиваль аясында қатысушылар репертуар таңдап, бір-бірімен тәжірибе алмасты. Өнер иелері қазақ музыкасының жаңа буынын тәрбиелеуге, сырнай дәстүрін жалғастыруға дайын екендерін көрсетті. «Шырқа, сырнай!» фестивалі – ұлттық өнерге деген сүйіспеншілікті арттырып, сырнай үнімен рухани байланыс орнатқан ерекше шара болды. Осындай дәстүрлі фестивальдер арқылы ұлттың асыл мұрасы жас буынға жетіп, қазақ музыкасының қоңыр үні әлі талай жүректі тербетпек.Количество показов: 22
Дата создания: 30.10.2025 07:47:14



















