Металлургтердің кәсіби мерекесі
Ақтөбеде металлургтер күніне арналған салтанатты шаралар жалғасып жатыр. Бүгін облыс әкімі Асхат Шахаров металлургия саласының озат қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табыстап, олардың ел экономикасына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Мерекелік жиынға өңірдің өндіріс саласында көп жыл еңбек етіп, кәсіби жетістіктерге жеткен мамандар шақырылды. Қазіргі таңда Ақтөбе облысында металлургия саласында сегіз ірі кәсіпорында 18 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Соның бірі Ақтөбе рельс-арқалық зауытында еңбек ететін Серік Сүлейменов. Зауыт ашылғалы жүргізуші болып жұмыс істеп жүр. Өмірінің 15 жылын осы салаға арнаған маман бүгін бірінші марапатын алып отыр. Мемлекет басшысының атынан “Ерен еңбегі үшін” медалін алған азаматтың қуанышында шек жоқ. Айта кетейік, күні кеше ғана Ақтөбе ферроқорытпа зауытында тарихи жетістік тіркелді. Бір ғана пештен 177 тоннадан астам жоғары көміртекті феррохром өндірілді. Бұл көрсеткіш WORLD BOOK OF RECORDS тізіміне енді. Металлург – отқа төзген еңбек иесі. Ақтөбелік өндіріс майталмандарының жетістіктері – тұтас ел экономикасының дамуына қосылған зор үлес.Количество показов: 13
Дата создания: 19.07.2025 06:50:19