Маусымдық аллергия мазалайтындар көп
Өңірде маусымдық аллергиямен ауыратын адамдар саны жыл сайын артып келеді. Мамандардың айтуынша, аллергияның пайда болу себебі әртүрлі. Негізі жел арқылы тарайтын өсімдік тозаңының әсерінен пайда болады. Батыс Қазақстан өңірінде аллергия тудыратын өсімдіктердің бірнеше кезеңі бар. Көктемде ағаштар гүлдейді. Бұл өсімдіктердің тозаңы жел арқылы ондаған шақырымға дейін таралып, аллергиясы бар адамдарға айтарлықтай әсер етеді дейді аллерголог-иммунолог дәрігер. Дәрігердің айтуынша, маусымдық аллергия әр түрлі белгілермен көрінеді. Ең жиі кездесетіні - аллергиялық ринит. Бұл кезде адам жиі түшкіреді, мұрны қышып, тоқтаусыз су ағады. Сонымен қатар көздің қызаруы, қышуы секілді аллергиялық конъюнктивиттің белгісі болуы мүмкін. Ауыр жағдайларда аллергия бронхиалды астмаға дейін ұласып, тыныс алуды қиындатады. Сондай-ақ теріде бөртпе пайда болып, аллергиялық дерматит дамуы да мүмкін. Тұрғындар арасында 5 жыл қатарынан ауырып келе жатқандар да кездесті. Олар алдын алу мақсатында ем алатындарын айтты. Қала тұрғындары да аллергияның пайда болуы себебін иммундық жүйемен және ауа райымен байланыстырды. Көп жағдайда адамдар аллергияны суық тиюмен шатастырады. Алайда мамандардың айтуынша, аллергия кезінде дене қызуы сирек көтеріледі, ал мұрыннан бөлінетін сұйықтық мөлдір болады. Емделмеген аллергия уақыт өте келе асқынып, тыныс алу жолдарының ауыр ауруларына әкелуі мүмкін. Сондықтан мамандар алғашқы белгілер пайда болған сәтте дәрігерге жүгініп, дер кезінде ем қабылдауға кеңес береді. Ал алдын алу шараларын ерте бастау маңызды. Қаладағы тазалық жұмыстары аллергендердің азаюына да оң әсерін тигізетін жұмыстардың бірі болып табылады.Количество показов: 11
Дата создания: 03.04.2026 07:50:35



















