Мұнайгаз саласының қызметкерлері «Абай» деп ән салды
Қаламызда ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай мұрасы – халық ұлағаты» атты әдеби-танымдық кеш өтті. Ұлт ұстазының даналыққа толы еңбектерін насихаттап, жастардың бойында адамгершілік пен ұлттық рухты қалыптастыру - басты мақсат. "СНПС- Ақтөбемұнайгаз" АҚ өткен кеш көрініспен басталып, домбырамен Абайдың әйгілі «Сегіз аяқ» әні орындалды. Қатысушы өнерпаздардың барлығы - өнеркәсіп қызметкерлері. Шара барысында сөз алғандар ұлы ойшылдың мұрасы — қазақ халқының мәңгілік қазынасы екенін атап өтті. Абайдың әрбір сөзі, әрбір өлеңі – адамды ізгілікке, білім мен еңбекқорлыққа, ұлттық сана мен рухани биіктікке шақырады, дейді. Абай шығармашылығының өзегі – әділдік, мейірім және адам болу ұстанымы. Сол құндылықтар бүгінгі ұрпақтың да өмірлік темірқазығына айналуы тиіс деген пікір білдірді. Абай мұрасы – халық ұлағаты» атты әдеби-танымдық кеш көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады. Қатысушылар Абайдың ой әлемімен қайта қауышып, оның мәңгілік өсиеттерінен өнеге алды. Ұлы ақынның мұрасы — халық жадында сақталған сарқылмас қазына. Оның қара сөздері мен өлеңдері тек өткеннің емес, бүгінгі мен болашақтың да рухани шамшырағы саналады. Қатысушылар Абай өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқып, «Торжорға» күйін орындады. Сондай-ақ ақынның бірнеше туындысын хормен айтып, рухани кеш Абайдың «Қырық қара сөзінен» үзіндімен қорытындыланды.Количество показов: 27
Дата создания: 17.10.2025 08:14:07