Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің туғанына биыл 185 жыл толып отыр
Ыбырай Алтынсарин- қазақ даласына білім шамшырағын жағып, ұрпақты оқу оқуға үндеген ұлы ағартушы. Бүгін С. Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткен республикалық конференцияда Ыбырай Алтынсариннің өмір жолы, шығармашылығы және ағартушылық қызметі туралы баяндамалар жасалды. Жиынға жоғары оқу орындарының оқытушылары, мектеп мұғалімдері, медицина колледжінің ұстаздары мен студенттері, оқушылар және кітапхана оқырмандары қатысты. Конференцияда Қостанай облысындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мемориалдық музей бас қор сақтаушысы Наталья Шектібаева Zoom платформасы арқылы байланысқа шықты. Маман ағартушы мұрасына қатысты тың ой-пікірін ортаға салды. Мұражайда ұлы педагогтың біраз еңбектері сақтаулы. Конференцияда кітапхана қорындағы құнды еңбектер негізінде "Ұлттың ұлы ұстазы" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығын, ағартушылық қызметін танытатын кітаптар қойылды. Ұйымдастырушылар білім мен тәрбиені қатар ұстанған Ыбырай Алтынсариннің өнегелі жолы бүгінгі ұрпақ үшін маңызды рухани мұра дейді. Сондықтан ағартушы еңбегін насихаттау оның ізін жалғастырудың бір жолы.Количество показов: 11
Дата создания: 07.10.2026 09:18:58



















