Күннің аптап ыстығы қаншалықты қауіпті?
Соңғы күндері ауа температурасы +35 градустан асып, қалаға қатты ыстық күндер келді. Ауа температурасының көтерілуі жедел жәрдем шақыртуларының көбеюіне әсер еткен. Мұндай күндері мамандар күннің ең ыстық уақытында сыртқа шықпауға және көп сұйықтық ішуге кеңес береді. Қазір күннің ең ыстық мезгілі. Аптап ыстық әсіресе балаларға, қарттарға және созылмалы ауруы бар адамдарға ауыр тиеді. Жаз басталғалы өңірде 15 адам ыстық өту диагнозымен медициналық көмекке жүгінген. Оның алтауы - балалар, сегізі - ересектер, біреуі - қарт адам. Егде жастағы науқас ауруханаға жатқызылған. Сондықтан мамандар тұрғындарды күн сәулесінің астында ұзақ жүрмеуге, бас киім киіп, жеткілікті мөлшерде су ішуге шақырады. Сондай-ақ сағат 11:00 мен 17:00 аралығында мүмкіндігінше далада ұзақ жүрмеуге кеңес береді. Жалпы 6-26 шілде аралығында облыста жедел жәрдем қызметіне 22 мың 970 шақырту түскен. Бұл маусым айындағы толық көрсеткішпен салыстырғанда 14 пайызға көп. Мамандардың мәліметінше, осы кезеңде 2 мың 681 шақырту артериялық гипертонияға, 263 жағдай гипертониялық кризге байланысты тіркелген. Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері де ыстық ауа райы сақталады. Ал тұрғындардың айтуынша, олар ыстықтан қорғану үшін көлеңкеде болуға, салқын сусындар ішіп, жеңіл киім киюге тырысады. Дәрігерлердің мәліметінше, аптап ыстықтың салдарынан тікелей болған өлім жағдайлары облыста тіркелмеген. Дегенмен, суға кету оқиғалары көбейген. Жаз басталғалы жеті адам суға кеткен. Оның ішінде мамырда - үш, маусымда - бір, шілдеде - үш оқиға тіркелген. Көп жағдайда жедел жәрдем бригадасы жеткенше зардап шеккендер көз жұмған.Количество показов: 8
Дата создания: 28.07.2026 07:01:57



















