Көктемде қоқыс жәшігінен табылған ер адамның мәйітіне қатысты сот басталды
Көктемде қоқыс жәшігінен табылған ер адамның мәйітіне қатысты резонансты іс сотта қаралып жатыр. Тергеу мәліметінше күдікті танысын өлтіріп, мәйітті қоқыс контейнеріне лақтырып тастаған. Бүгін аталмыш іске байланысты облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алғашқы тыңдау өтті. Қаламыздағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылыған ауданаралық сотында, адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық істің алғашқы тыңдалымы өтті. Айыптау нұсқасына сәйкес қанды қылмыс биылғы жылдың 21 ақпанында болған. Тергеу мәліметінше екі ер адам бірге, спирттік ішімдік ішкен. Кейін араларында жанжал туындап соңы қайғылы оқиғамен аяқталған. Іс материалдарына сәйкес, айыпталушы жәбірленушіні өлтіргеннен кейін мәйітті пакетке салып, қоқыс контейнеріне жасырған. Ер адамның денесі араға бірнеше апта салып, 11 наурыз күні табылған. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі, яғни "Адам өлтіру" фактісі бойынша қаралып жатыр. Бүгінгі сот отырысында айыпталушының жеке басына қатысты мәліметтер жария етілді. Оның бұрын сотталмағаны және отбасы жоқ екені айтылды. Қазір сотта тараптардың ұстанымдары тыңдалып, іс материалдары зерттелуде. Сот тергеуі аяқталғаннан кейін бұл іс бойынша тиісті шешім қабылданады. Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін айыпталушы кінәлі деп танылмайды.Количество показов: 12
Дата создания: 26.06.2026 06:03:45



















