Қиын отбасындағы ата-аналардың бала алдындағы жауапкершілігі
Бүгін қала әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері шаһардағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының жұмысымен танысты. Мұнда тағдыр тауқыметін шеккен отбасылар тұрады. Көшпелі комиссия отырысына қала әкімінің орынбасары Әсет Оралбаев та қатысты. Өкілдер қиын отбасындағы ата-аналардың бала алдындағы жауапкершілігі мен баланың алдағы жағдайы талқылады. Комиссия мүшелерінің сөзінше, акция аясында қоғамның назарын зорлық-зомбылық мәселесіне аудару және профилактиканың ведомствоаралық шараларын күшейту көзделген. Қаладағы дағдарыс орталығында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балаларға көмек көрсетіледі. Орталық - қиын жағдайға тап болған адамдарға қауіпсіз баспана. Мұнда мамандар психологиялық, құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсетеді. Тұрмысы қолайсыз отбасылардан шыққан балалар да уақытша орналастырылады. Орталық директорының сөзінше, қазір қоғамда зорлық-зомбылық көбейіп барады. Орталықта тәуліктік қабылдау жүргізіледі, мамандар жәбірленушілерге жағдайды тұрақтандыруға және қажетті көмекті алуға жәрдемдеседі. Жуырда орталықта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жағдай жақсартылған. 2023 жылдан бері 1188 қызмет алушы осыннан пана тапқан. Тағдырдың ащы дәмін татқан нәзік жандылар мен балалар ғана емес, мұнда жәбірленушілердің күйеулері де психологтың көмегіне жүгіне алады. Биыл ойран болар алдында тұрған 11 отбасы қайта қалпына келген. "Комиссия тарапынан тиісті шаралар қабылданады" дейді комиссия өкілдері. Көшпелі отырыс "Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді іс-қимыл" акциясы аясында өтті. Акция аймақта 25 қарашада басталды. 10 желтоқсанға дейін жалғасады.Количество показов: 14
Дата создания: 04.12.2025 08:04:48



















