"INVA PARK" әлеуметтік қызметтер индустриясы" ҚБ құрылғанына 26 жыл
"INVA PARK" әлеуметтік қызметтер индустриясы" қоғамдық бірлестігіне бүгін 26 жыл толды. Шаһардағы мүмкіндігі шектеулі жандардың жоғын жоқтап, сойылын соғып отырған бірлестік 1999 жылы құрылды. Сол жылы қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғау қоғамы болып, кейін қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы деп танылды. Мүгедектердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған қоғамның негізін Құралай Байменова қалаған. 1989 жылы жол-көлік апатына ұшыраған ол мүгедек арбасына таңылғаннан кейін, мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелеріне терең үңіліп, қолдау білдіре бастады. Түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырды. Қайсарлық пен тынбас еңбек, табандылық бірлестіктің бүгінге дейін жетуіне себеп болды. Құралай Базарбайқызының сөзінше, ұйым есігі жарымжан жандар үшін бір күн де жабылмаған.“InvaPark” әлеуметтік қызметтер индустриясы“ бірлестігі Ақтөбеде 2005 жылдан бастап тірек-қимыл аппараты зақымдалған ересек азаматтарға инватакси қызметін көрсетіп жүр. 2012 жылдан бастап мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жүзеге асырыла бастады. Қазір 35 мамандандырылған көлік жарымжан жандарға қызмет етуде. Бұл бастама Құралай Байменованың жетекшілігімен жүзеге асырылған еді. Қазір бірлестікке 1500 адам мүше. Шаһардағы мәдени, спорттық, әлеуметтік шаралардан тыс қалмайды. Басты себеп - мүмкіндігі шектеулі жандарға белсенді өмір сүріп, қоғамға жасымай араласа алатындығын түсіндіріп, үлгі болу. Ал, 20 жылдан астам бірлестіктің ыстығы мен суығына төзіп, мүгедектігі бар тұлғалардың жанына жалау боп жүрген Құралай Байменова өз еңбегі үшін бірнеше мәрте марапатталды. Ол «Қазақстанның Еңбек Ері», «Отан» ордені мен "Алтын жұлдыз» белгісінің иегері.
Количество показов: 29
Дата создания: 21.05.2025 00:35:28