Гүл дүкендерінде қарбалас
8 наурыз - әйелдерге, аналарға, қыздарға құрмет көрсететін ерекше күн. Мереке қарсаңында гүл дүкендерінде қарбалас. Сатып алушылардың бірі анасына, бірі мұғаліміне, ал енді бірі әріптесіне сыйлыққа гүл шоқтарын алып жатыр. Ал, сатушылар мерекеге орай гүлдердің түрі көбейіп, таңдау артқанын айтады. Әсіресе түрлі түстегі қызғалдақтарға сұраныс жоғары. Олардың бағасы шамамен 700-ден басталады. Ал раушан гүлі 800 теңгеден сатылуда. Тұрғындар да аналарына, апа-қарындастарына жыл сайын гүл алып беретіндерін айтты. Сатып алушылардың сөзінше, бұл күні гүл сыйлау - құрмет көрсетудің белгісі. Тіпті мерекеде аруларымыз да бір-біріне гүл беріп, жылулық сыйлайды. 8 наурыз күні нәзік жандыларға қоғамдағы және отбасындағы еңбегі ерекше аталып өтеді. Десе де, мерекелік қарбаласты пайдаланып кететін арам ойлылар да жетерлік. Бас прокуратура азаматтарды алаяқтық схемалардың көбеюі туралы ескертті. Мамандардың айтуынша, алаяқтар гүл мен сыйлық жеткізу туралы хабарлама жіберіп, тапсырысты растау үшін СМС-кодты айтуды сұрауы мүмкін. Сондай-ақ олар өздерін банк қызметкері, қауіпсіздік қызметі ретінде таныстырып, жалған ұтыс пен акциялар туралы ақпарат таратады. Ведомство бір реттік кодты ешкімге бермеу керектігін еске салды. Себебі алаяқтар код арқылы банк қосымшасына кіріп, ақша шешіп алуы немесе несие рәсімдеуі мүмкін. Мамандар азаматтарға тауарды тек сенімді сатушылардан алып, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және жеке деректерді бөгде адамдарға бермеуге кеңес берді.Количество показов: 8
Дата создания: 07.03.2026 07:56:04



















