Есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында ел чемпионаты өтіп жатыр
Сурдо футзал - мүмкіндігі шектеулі жандардың спорттағы шексіз мүмкіндігін дәлелдейтін алаң. Дәл осы спорт түрінен шаһардағы "Қуат" спорт кешенінде Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында сурдо футзалдың бүгін екінші күні. Чемпионатқа мүмкіндігі шектеулі 200-ге жуық спортшы жиналып, өзара шеберлік пен төзімділіктерін сынға салуда. Ойыншылар үшін бұл чемпионаттың маңызы зор. Қарағанды командасының ойыншысы Береке Мәукеновтің футболға деген қызғушылығы мектеп кезінде басталған. 31 жастағы жігіттің мүмкіндігі шектеулі. Спорт өмірімнің бір бөлшегіне айналды дейді тәжірибелі футболшы. Әр ойында сабыр мен жауапкершілікті қатар алып жүреді. Үнсіздік үстем еткен алаңда ол командасын ыммен, қозғалыспен, сеніммен жетелейді. Есту қабілеті зақымданған спортшылар - үнсіз алаңда өздерін дәлелдеп, жаңа белестерге қол жеткізіп жүрген жандар. Ал қаламызда өтіп жатқан бұл чемпионат - жеңіске деген сенім мен спортқа деген махабаттың айқын көрінісі. Спорт додасына еліміздің өңірлерінен 15 команда қатысып жатыр. 24-31 қаңтар аралығында өтетін чемпионатта үздік өнер көрсеткен спортшылар Қазақстанның ұлттық құрамасына іріктеледі. Ел құрамасы наурызда Бішкекте өтетін Азия чемпионатының іріктеу кезеңіне қатысады.Количество показов: 5
Дата создания: 27.01.2026 06:20:18



















